«Алматы – алтын мекенім» ашық сабағы өтті
Бүгін №3 Оқушылар үйінде Роза Қасымқызының жетекшілігімен «Сөз маржан» шешендік өнер мектебінің оқушыларымен «Алматы – алтын мекенім» атты ашық сабағы өтті. Балалардың танымдық-ой-өрісін кеңейтуге, сөздік қорларын молайтуға арналған сабақ композитор Алтынбек Қоразбаевтың, ақын Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған «Сағындым Алматымды» әнімен басталды. Ойын түрінде ұйымдастырылған сабақта 30-ға жуық бала Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Нұрсұлтан Әлімқұловтың әсем Алматыға арнаған өлеңдерін жатқа айтты.
«Сөз маржан» шешендік өнер мектебінің жетекшісі Роза Қасымқызы әр сабағында балаларды дұрыс сөйлеуге, сөздің мағынасын түсінуге тәрбиелей отырып, әдебиеттің озық үлгілерін үйретіп, балалардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға баса назар аударады.
Бүгін де өткізілген сабақ арқылы балалар әдеттегідей сөзді жаңылмай, шапшаң айтып үйренуге арналған бірнеше жаңылтпаштар айтып, логикалық жұмбақтар шешті. Өлеңді жатқа айтып, сурет салып, қызықты әрі танымдық ойын ойнап, ерекше әсерде болды.
Сабақ барысында оқушылар төрт топқа бөлініп, нақты сұрақтарға жылдам әрі тез жауап беріп, зейіндерін дәлелдеуге тырысты. Балалар жетекшілері Роза Қасымқызының берген тапсырмаларын тиянақты орындап, білім көкжиектерін кеңейте түсті.
Сабақ соңында балалар жасыл желекті сүйікті қалаларын, Алматының символына айналған қызыл апорт алмаларды, әсем қаланың көрікті табиғатының суретін салып, көрме ұйымдастырылды.